Tolqyn Film Fund «Шымыр» атты жаңа экшн-фильмді таныстырды

27 қазанда режиссер Анвар Матжановтың «Шымыр» атты жаңа қазақстандық экшн-фильмінің алдын ала көрсетілімі өтті. Картина 29 қазанда кең прокатқа шығады. Басты рөлдерді Еркебұлан Дайыров, Азамат Сатыбалды және Ақбота-Нұр сомдады. «Шымыр» — Tolqyn Film Fund қолдауымен жүзеге асқан төртінші фильм.

Оқиға әділдікті өз күшімен орнатуға ұмтылған қарапайым жігіттің төңірегінде өрбиді. Шымырдың халық арасынан шыққан кейіпкер болуы жекпе-жек көріністерінің қойылымына да негіз болды. Авторлар әр қақтығыстың кейіпкерге қалай әсер ететінін шынайы жеткізуге тырысқан: оның ентігіп дем алуы, тепе-теңдігін жоғалтуы, құлағаннан кейін бар күшін жинап қайта тұруы. Камера жұмысы, дыбыс пен монтаж көрерменге әр соққының салмағын сезінуге, кейіпкердің күйін бірге кешуге мүмкіндік береді.

Жекпе-жек көріністерін әзірлеуге Жайдарбек Күнғожин жетекшілік ететін Nomad Stunts командасының 40 каскадері мен жекпе-жек қоюшысы қатысты. Алдымен каскадерлер қимылдарды өзара пысықтап, режиссер мақұлдағаннан кейін дайындыққа актерлер қосылған. Еркебұлан Дайыров түсірілім басталмай тұрып командамен жаттығуға кіріскен. Көптеген каскадер эпизодтық рөлдерді де сомдап, кадрда басты кейіпкердің қарсыластары ретінде көрінді.

«Каскадерлік жұмыс та актерлік шеберлікті талап етеді. Қимылды дәл орындаумен шектелмей, күш салуды, ауырсынуды, абдырауды жеткізу маңызды. Барлығы осыны түсініп жұмыс істегенде, жекпе-жек өзінің басталуы, бетбұрыс сәті мен салдары бар толыққанды драмалық көрініске айналады», — дейді режиссер Анвар Матжанов.

Актерлер жекпе-жек көріністері мен трюктерді өздері орындаған. Бұл жұмыс тыңғылықты физикалық дайындық пен үлкен жауапкершілікті талап етті. Көріністердің бірін түсіру кезінде Ақбота-Нұр тізесінен жарақат алған.

Басты рөлді сомдаған Еркебұлан Дайыров көрерменге «№ 37», «Қаш» және «Сәлем, папа» фильмдері арқылы таныс. Басты кейіпкердің қарсыласын «Мама», «Капитан Байтасов» және «Бақыт құшағында» картиналарында ойнаған Азамат Сатыбалды сомдады. Ақбота-Нұр жаңа қырынан көрінсе, Алау Қайратқызы үшін «Шымыр» кинодағы алғашқы ірі жұмыс болмақ. Сондай-ақ фильмге Қуантай Әбдімәди, Олжас Тоғымбет және Ашим Ахмет түсті.

Режиссердің айтуынша, басты рөлдерді сомдайтын актерлер кастингсіз бекітілген: кейіпкерлер әуелден соларға арналып жазылған. Шымыр рөліне актер таңдау кезінде жобаның бас продюсерлері де бірауыздан бір шешімге келген.

Анвар Матжанов көрерменге «Таптым-ау сені», «Брат или брак 3» фильмдері және «Бизнес по-казахски» франшизасындағы жұмысы арқылы танымал. «Шымырда» режиссер экшн жанрына бет бұрып, тартысты жекпе-жек көріністерін әділдік үшін күресуге бел буған қарапайым адамның оқиғасымен ұштастырады.

«Шымыр» — 29 қазаннан бастап кинотеатрларда.

About The Author