Tolqyn Film Fund «Дәстүр 2» фильміне инвестиция салды

Tolqyn Film Fund OEIC Ltd. өз жобалық компаниясы Tolqyn Pictures арқылы Brave Talents медиакомпаниясымен «Дәстүр 2» кино жобасына бірлесіп инвестиция салу жөнінде келісімшартқа қол қойды. Келісім аясында қор фильмнің кинопрокаттан түскен табысы мен құқықтарын кейінгі сатудан үлеске ие болады. Brave Talents өз кезегінде жобаның бас продюсері мәртебесін сақтап қалады және фильм құқықтарын сатудан түскен барлық кірістен үлесін алуды жалғастырады.

Айта кету керек, Tolqyn Film Fund АХҚО алаңында тіркелген, Dasco Capital басқаруында және тек кәсіби инвесторлармен жұмыс істейді. Бұл – Қордың алғашқы инвестициялық мәмілесі, ол кейінгі жобалар үшін жоғары межені белгілейді.

2023 жылы жарық көрген «Дәстүр» фильмі қазақстандық кинематограф тарихындағы ең кассалық жобаға айналды, елде және шетелде шамамен 2 млрд теңге жинады. Картина жергілікті контент пен креативті командалардың жоғары коммерциялық әлеуетін айқын дәлелдеді. Терең сценарий, өзекті тақырып, креативті жұмыс пен ойластырылған маркетингтің үйлесімі арқасында «Дәстүр» елдік мәдени құбылысқа айналып, кинорынқты зерттеп отырған ірі инвесторлар үшін оң белгі болды.

Хоррор жанрындағы «Дәстүр 2»-нің продюсерлері – алғашқы бөлімді жасаған Қуаныш Бейсек пен Алмас Жәлі, режиссері – Әлішер Үтев, сценарий авторлары – Арыстан Қаунев пен Біржан Қабылбаев. Фильм өндірістің соңғы кезеңінде және биылдың өзінде кең экранға шығуға дайындалуда. Жоба мәдени бірегейліктің түрлі қырларын батыл сюжет, айқын бейнелер мен ерекше визуал арқылы қайта пайымдайды. Фильмнің дистрибьюторы – Ascar Cinema (Meloman Entertainment), ол Орталық Азия мен Кавказдағы жетекші кинодистрибьютор және Walt Disney Studios пен Sony Pictures Entertainment-тің эксклюзивті аймақтық серіктесі.

Dasco Capital CEO-сы Дармен Садвакасов: ««Дәстүр 2»-ге салынған инвестиция Қор стратегиясын көрсетеді – жоғары коммерциялық әлеуеті бар, тәжірибелі командалар жасаған және креативті индустрия дамуы тұрғысынан маңызды жобаларды қолдау. Ұлттық және шетелдік фильмдер арасынан инвестицияға тартымды жобаларды іріктеу жұмысы жалғасады».

Қор CEO-сы Эрнар Курмашев: ««Дәстүр» франшизасының алғашқы бөлімі сапалы қазақстандық киноның сұранысқа ие екенін және Қазақстан мен ТМД елдеріндегі мыңдаған көрерменнің жүрегінен орын таба алатынын көрсетті. Шымылдығы, креативі мен сюжеті бойынша сиквел түпнұсқадан кем түспейді, тіпті асып түседі. Бұл – біздің Қор үшін тамаша инвестициялық бастама. Біз осы жобаны кең аудиторияға ұсынуды асыға күтеміз».

Brave Talents бас директоры Алмас Жәлі: «Компания әрқашан креативті нарық трендтерін қадағалап, кино саласындағы жеке инвестициялардың әлеуетін жоғары бағалайды. Tolqyn Film Fund командасымен біз Қазақстан киноиндустриясын дамыту бойынша ортақ көзқарасымызды бөлісеміз және әрі қарай да жемісті ынтымақтастыққа сенеміз».

Tolqyn Film Fund – Қазақстандағы алғашқы венчурлық инвестициялық қор, ол толықметражды көркем фильмдер мен анимация өндірісіне инвестиция салумен айналысады. Қор активтері қазақстандық және халықаралық коммерциялық әлеуеті бар жобалар портфеліне инвестицияланады, алдағы уақытта прокат пен дистрибуциядан пайда табу мақсатында. Қорды тәжірибелі команда басқарады, олар жобаларды мұқият іріктеу, талдау және басқарумен айналысады.

Жобаларды іріктеу үш негізгі кезеңнен тұрады: өтінімдерді қабылдау және шорт-лист жасау, шорт-листке енген жобаларды Advisory Board қарауы, Инвестициялық комитеттің соңғы шешім қабылдауы. Бүгінгі таңда ашық питчинг пен креативті командалармен тікелей келіссөздер нәтижесінде Қорға шамамен 90 өтінім келіп түсті, үш Advisory Board отырысы өтті, жаңа жобалар қаралу үстінде.

About The Author