Halyk Finance Tolqyn Film Fund-қа инвестиция салды

2025 жылғы 4 тамызда Астана халықаралық қаржы орталығының (AIX) биржасында базалық активі Tolqyn Film Fund пайлары болып табылатын Tolqyn SPC Ltd. биржалық ноталары (ETN) листингке енгізілді[1]. Halyk Finance якорь-инвестор ретінде шығып, AIX алаңында ETN сатып алу арқылы Tolqyn Film Fund-қа өзінің инвестициялық портфелі аясында қатысуға кірісті.

AIFC алаңында тіркелген Tolqyn Film Fund – Қазақстандағы толықметражды көркем фильмдер мен анимация өндірісіне инвестиция салуға бағытталған алғашқы венчурлық инвестициялық қор. Қор активтері қазақстандық және халықаралық коммерциялық әлеуеті бар киножобалар портфеліне инвестицияланады, алдағы уақытта прокат пен дистрибуциядан пайда табу мақсатымен. Қорды Dasco Capital Ltd. басқарады және тек кәсіби инвесторлармен жұмыс істейді.

Tolqyn Film Fund командасы тәжірибелі мамандардан құралған, олар жобаларды мұқият іріктеп, талдап және басқарумен айналысады. Қордың директоры – танымал продюсер Эрнар Курмашев, креативтік продюсері – талантты режиссер Қуаныш Бейсек. Олардың артында «Дәстүр», «Каникулы off-line», «Районы», «Бизнесмены» сияқты табысты туындыларды қоса алғанда, 15-тен астам жоба бар. Бұдан бөлек, Қуаныш Бейсек танымал «Ирина Кайратовна» музыкалық тобының клиптерінің бас режиссері болған.

Бүгінгі күні ашық питчинг пен креативті командалармен тікелей келіссөздердің нәтижесінде Қорға 80-нен астам өтінім түсті, оның ішінде шетелдік елдерден де бар. Жобаларды іріктеу үш негізгі кезеңнен тұрады: өтінім қабылдау және шорт-лист құрастыру, Advisory Board отырысында шорт-лист жобаларын қарастыру, Инвестициялық комитеттің соңғы инвестициялық шешім қабылдауы. Advisory Board құрамына кәсіпкер әрі қоғам қайраткері Арманжан Байтасов (төраға), венчурлық инвестор Әділ Нұрғожин, қаржылық сарапшы және тәуекел-менеджер Эльдар Жаймин, продюсер және сценарист Бұхар Марат, режиссер, сценарист әрі продюсер Ольга Володина және кинокритик Рамазан-Мәлік Елеусіз кіреді. Инвестициялық комитет мүшелері: Дармен Садвакасов (төраға, Dasco Capital CEO), Айдар Арифханов (Dasco Capital CFO) және Эрнар Курмашев (Tolqyn Film Fund CEO).

Halyk Finance басқарма төрағасы Фархад Охонов: «Halyk Finance үшін Tolqyn Film Fund-қа ETN арқылы инвестиция салу – Қазақстанда қарқынды дамып келе жатқан кино өндірісі индустриясына қатысудың маңызды мүмкіндігі. Соңғы жылдары елімізде толықметражды фильмдердің кассалық жинақтары айтарлықтай өсіп келеді. Ұлттық және бірлескен өндірістегі фильмдердің үлесі соңғы жылдары едәуір артып, 2024 жылы 45%-ға жетті. Tolqyn SPC Ltd. ETN-деріне инвестиция салу біз үшін инвестициялық портфельді әртараптандырудың бір жолы, себебі бұл құрал қор нарығының құбылмалы өзгерістеріне және экономикалық циклдерге төмен экспозицияға ие. Сонымен бірге, бұл – отандық киноөндірушілерді қолдау және киноиндустрияны дамытуға үлес қосу мүмкіндігі».

Dasco Capital CEO-сы Дармен Садвакасов: «Halyk Finance-тің Tolqyn қорына жасаған инвестициясы – еліміздің жетекші қаржы институттарының бірі тарапынан біздің стратегиямызға және командамызға көрсетілген сенімнің маңызды белгісі. Қазақстан киноиндустриясы – нақты коммерциялық әлеуеті бар жылдам дамып келе жатқан сектор. Осындай якорь-инвесторлардың қатысуы және AIX алаңына шығу арқылы біз ұлттық және халықаралық ауқымды жобаларға инвестиция салу үшін тұрақты қаржылық инфрақұрылым қалыптастырып жатырмыз».

Tolqyn Film Fund CEO-сы Эрнар Курмашев: «Біздің Қор ірі институционалдық инвесторлардың назарын аударып отырғанына қуаныштымыз. Бұл – қазақстандық кинематографты дамытудағы үлкен қадам және ел киноөндірісі үшін оң белгі. Біз күтілетін нәтижелерге қол жеткізе отырып, тәжірибеміз саланың негізгі үлгісіне айналады, коммерциялық кино өндірісінде жаңа стандарттар орнатады және Қазақстанның креативті индустриясы үшін жаңа мүмкіндіктер ашады деп сенеміз».

Бұған дейін Dasco Capital мен Halyk Finance өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойған болатын. Оның шарттарына сәйкес Halyk Finance өзінің қаражатын Tolqyn Film Fund-қа инвестициялайды және кәсіби инвесторларға AIX биржасында ETN сатып алу арқылы қорға қатысу мүмкіндігін ұсынады.

Сонымен қатар, Tolqyn Film Fund-қа Frame Capital Ltd. компаниясы да инвестиция құйды. Бұл компания Ascar Cinema-ның серіктесі – Орталық Азия мен Кавказ аймағындағы жетекші кинодистрибьютор әрі Walt Disney Studios және Sony Pictures Entertainment-тің эксклюзивті өкілі.

[1] Tolqyn Film Fund OEIC Ltd. – АХҚО актілеріне сәйкес босатылған қор. Қор тек білікті (кәсіби) инвесторларға арналған.

About The Author