Жыл басында Dasco Capital басқаруымен Қазақстандағы киноиндустрияға инвестиция салатын тұңғыш венчурлық қор – Tolqyn Film Fund құрылды. Forbes журналының ақпан айындағы санында жобаның бастамашылары – Dasco Group басқарушы серіктесі Дармен Садвакасов, кинопродюсер Эрнар Құрмашев және режиссер Қуаныш Бейсек бұл туралы жан-жақты айтып берді. Алматыдағы Chaplin Cinemas кинотеатрында Parasat және iQanat бизнес-клубтарының мүшелеріне ең кассалық қазақ фильмі «Дәстүрдің» жабық көрсетілімі өтті. Сондай-ақ, қордың қысқаша таныстырылымы ҚазБСҚА университетінің креативті хабын дамыту сессиясында ұсынылды.

Бизнестің жетекшілері, қаржыгерлер және сала сарапшыларымен киноға венчурлық инвестиция салу және жас таланттарды қолдау мүмкіндіктері талқыланды. Мұндай инвестицияларға барлық жағдай бар. 2020 жылдан бері Қазақстандағы кинопрокат жылына орта есеппен 59%-ға өсіп келеді, ал нарықтың жергілікті контентке деген сұранысы жылына шамамен 150 фильмді құрайды. Бұл нақты прокатқа шыққан фильмдер санынан 1,5 есе артық.

Сонымен қатар ұлттық өнімге деген қызығушылық артып отыр. Отандық фильмдер америкалық картиналармен көрермен саны бойынша теңесті деуге болады. Егер 2022 жылы кассасы 1 млрд теңгеден асатын бір ғана қазақстандық жоба болса, 2024 жылы мұндай табысқа жеткен фильмдердің саны жетіге жетті. Оның ішінде рекордтық 2 млрд теңге табыс тапқан «Дәстүр» фильмі бар, оның кірісі шығыннан 9 есе асып түсті. Ең табысты фильм – «Таптым ау сені», мұнда пайда шығыннан 19 есе артық болды.

Сондықтан Қазақстанның өсіп келе жатқан киноиндустриясының әлеуеті зор. Tolqyn Film Fund қорының құрылуы – тәжірибелі стратегиялық серіктестер, қаржыгерлер, заңгерлер және продюсерлер командасының жартыжылдық еңбегінің нәтижесі. Инвестициялық кезең басталуы фандрайзингтің аралық нәтижелеріне жеткеннен кейін жоспарланған.

Қорда Голливудта дәлелденген венчурлық қаржыландыру моделі қолданылады, онда инвестициялар киножобалардың портфелі бойынша таратылады. Мұнда қазақстандық та, шетелдік те фильмдер қамтылады. Бұл тәуекелдерді азайтып, инвестициялардың тартымдылығын арттыруға мүмкіндік береді.

Фильмдерді іріктеу процесі әлемдік үздік тәжірибелерге негізделген, бірақ Қазақстан үшін бұл ерекше тәжірибе. Бірінші кезеңде қор командасы тұрақты питчинг өткізеді, содан кейін тәуелсіз Advisory Board шорт-тізімді қарап, қордың Инвестициялық комитеті негізгі шешімдерді қабылдайды. Қордың қызметі АХҚО негізінде және тек кәсіби клиент-инвесторлармен жүзеге асырылады. Қорды басқару – есептіліктің қатаң сақталуы, ішкі және сыртқы тәуелсіз аудиторлардың, комплаенс-офицердің болуы.

Tolqyn Film Fund – тек коммерциялық жоба ғана емес, бұл Қазақстанның қуатты креативті толқынын Корея мен Түркия тәжірибесі негізінде іске қосу ниетіміз. Жеке инвестициялардың келуімен кино нарығы мен іргелес салалар түбегейлі өзгереді. Біз үнемі ішкі және әлемдік аренаға бәсекеге қабілетті жобаларды, кино, анимация, музыка, ойын және сән индустриясындағы ең дарынды креативті мамандарды шығарып отыруға тиіспіз.

About The Author