24 қыркүйекте кинотеатрларда «7 қарақшы» фильмінің көрсетілімі басталды. Бұл — Tolqyn Film Fund қолдауымен түсіріліп, прокатқа шыққан үшінші фильм. Режиссер Кука Бейсектің шытырман оқиғалы экшні көрерменді параллель әлемге жетелейді. Онда жеті кейіпкердің алдында Семей ядролық полигонындағы жарылыстардың алдын алып, тарихтың бағытын өзгерту міндеті тұр.
Фильмдегі қарқынды көріністердің артында бірнеше айлық дайындық жатыр. Актерлерді іріктеу екі жарым айға созылып, шамамен 80 үміткер қаралды. Актерлік құрамға алғашқылардың бірі болып қосылған Шарифбек Закиров рөлі үшін бір айда 10–12 келі салмақ тастады.
Индира Сабирова пойыз вагонындағы ауқымды төбелес сахнасына екі ай дайындалды. Ол каскадерлермен бірге жаттығу залында әр қимылын пысықтады. Ал сахнаның өзін түсіруге екі күн кетті.
Пойыздағы қуғын көрінісі үшін түсірілім тобы бес вагоннан тұратын нағыз пойызды жалға алды. Түсірілім басталар алдында құрам сырланып, техникалық тексеруден өтті, тежегіш жүйесі реттелді.
«7 қарақшы» экшн мен әзілді, қылмыстық киноға тән стильді Қазақстан тарихының ең ауыр кезеңдерінің біріне өзгеше көзқараспен ұштастырады. Фильм Dasco Capital басқаруындағы Tolqyn Film Fund қатысуымен және қаржылық қолдауымен түсірілді.
